Мәслихатта Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының есебі қаралды
Асқар Смағұловтың төрағалығымен мәслихат отырысы өтті, онда Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының есебі қаралды.
Басқарма басшысы Ерлан Жүсіпов баяндама жасап, халықты жұмыспен қамту, азаматтарды әлеуметтік қорғау және әлеуметтік қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, елордада көрсетілетін қызметті алушылар санының 20%-ға өсімі байқалады, бұл әлеуметтік салаға бюджет шығындарының ұлғаюына әкеп соғады. Басқарма 22 мемлекеттік қызмет көрсетеді, бұл ретте, олардың барлығы уақтылы және белгіленген мерзімдерді бұзбай, негізінен электрондық форматта ұсынылады.
Отырыс барысында депутаттар азаматтарды жұмысқа орналастыру, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, мүгедек адамдарды және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі жұмыстардың нәтижелері туралы хабардар етілді.
Әлеуметтік салада цифрлық және инновациялық шешімдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Елордада «Яндекс Go» сервисі арқылы қызмет көрсету бойынша пилоттық жобаны іске асыру жалғасуда, «Smart Astana» мобильдік қосымшасы дамуда, Астана қаласының «Birge» Бірыңғай цифрлық порталы арқылы инватакси қызметтері көрсетілуде, заманауи технологиялар, оның ішінде кресло-арбаны басқаруға арналған ақылды капа енгізілуде. Сондай-ақ, аға буын азаматтарының өмір сүру сапасын арттыру үшін 2022 жылғы қаңтарда құрылған Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ қызметі атап өтілді.
Талқылау шеңберінде депутаттар басқарма қызметінің көрсеткіштерін қарады, жұмыстың өзекті бағыттары бойынша сұрақтар қойды және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, депутаттар қалалық бағдарламалардың орындалуын анағұрлым егжей-тегжейлі талдау және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін бағалау қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында мәлімделген цифрлық трансформация мәселелері мемлекеттік органдардың қызметінде тәжірибелік көрініс табуы тиіс екені атап өтілді.
Сонымен қатар, депутаттар білім беру ұйымдары, жұмыс берушілер және уәкілетті мемлекеттік органдар арасында тығыз өзара іс-қимыл құру арқылы еңбек нарығы үшін кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру қажеттігіне назар аударды. Еңбек ұтқырлығы Орталығының қызметі және азаматтарды жұмысқа орналастыру жөніндегі шаралардың тиімділігі мәселелері жеке қаралды. Депутаттар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге жауапты мамандар жұмысы нәтижелілігінің нақты көрсеткіштерін енгізу маңызын атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдар білдірді. Уәкілетті органға жұмыстың тиімділігін арттыруға және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған тиісті тапсырмалар берілді.