Астана қаласының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары
Қалалық мәслихатта Астана қаласының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарын қарау бойынша бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.
Экономика және бюджет жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева баяндамамен сөз сөйлеп, орта мерзімді кезеңге арналған елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуының негізгі бағыттарын, сондай-ақ аумақты дамыту пайымын ұсынды. Бұл жоспардың ең басты мақсаттары - қаланың экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капитал сапасын арттыру және жайлы қалалық орта қалыптастыру. Осыған байланысты, басқарма басшысы атап өткендей, негізгі басымдықтар – басқару жүйесін цифрландыру деңгейін көтеру, ықшам әрі көпфункционалды құрылысқа көшу, көлік инфрақұрылымын жақсарту және экологиялық қауіпсіздікті күшейту. Астанада бірнеше маңызды кластер қалыптасқан - №2 индустриалды паркты одан әрі кеңейте отыра №1 индустриалды парк базасында құрылған өнеркәсіптік кластер; көмек көрсетудің қазіргі заманғы мекемелері негізінде қалыптасқан медициналық кластер, бұл медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік береді; ойын-сауық индустриясы кластері, көлік-логистика кластері және Astana Hub негізіндегі финтех кластері.
Депутаттар қалдықтарды қайта өңдеуді ұлғайту, ЖКО салдарынан болатын өлім-жітімді азайту, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту, қала халқының қажеттілігін қанағаттандыру үшін қажетті мектептер саны, медициналық қызметтердің сапасын жақсарту, инфляцияны ескере отырып, жалақыны арттыру, міндетті медициналық сақтандыру, ХӘОТ санатының өкілдері үшін тұрғын үй мәселелері жөнінде айтты.
Сонымен қатар, көше жарығын 100-120 Ваттқа дейін оңтайландыру және энергия тұтынуды азайту бойынша ұсыныстар айтылды, сондай-ақ жоспардың жобасында сумен жабдықтау, ШОБ мәселелеріне басымдық берілді.
Талқылау қорытындысы бойынша жоспар жобасы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында әрі қарай қарауға ұсынылды. Бұл ретте айтылған ескертулер мен ұсыныстар ескерілуі тиіс, ал экономика және бюджет жоспарлау басқармасы оларды кесте түрінде жинақтап ұсынуы қажет.