Астана қалалық мәслихатының депутаттары жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды
22.06.2025
Сапардың негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу және оңтүстік астанада тұрғындар үшін маңызды мәселелердің қалай шешілетінін көру: медицина мен туризмнен бастап мектеп қауіпсіздігі мен қала абаттандыруына дейін. Депутаттар жедел медициналық жәрдем станциясына барып, бригадалардың жұмыс барысын, көліктердің жабдықталуын және шақыртуларға қандай стандарттар бойынша шығатынын көрді. Астанадағы жедел жәрдем қызметін жетілдіру үшін бірқатар тиімді тәжірибелер назарға алынды. Сондай-ақ, «Алматы Паркинг» ұйымының қызметімен танысты. Мұнда ақылы автотұрақтардың қалай ұйымдастырылғанын, цифрлық шешімдердің қалай жұмыс істейтінін және қала тұрғындары мен қонақтарының қолайлығы үшін қандай шаралар қолға алынғанын көрді. «Аюсай» визит-орталығында экотуризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, табиғат аясында демалу үшін жасалып жатқан инфрақұрылым мен бағыттар жөнінде ақпарат алды. Ауэзов ауданындағы орталықта түрлі жастағы тұрғындарға арналған үйірмелер, оқыту курстары және кездесулер өтетін кеңістіктер ұсынылды.
Сапар барысында депутаттар Сайран көлінің маңында жүріп жатқан қайта жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қала абаттандыруына және жайлы демалыс орындарын қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
№122 мектепке барған кезде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған технологиялық шешімдер көрсетілді: бейнебақылау камералары, кіру-рұқсат жүйелері, дабыл түймелері және басқа да құралдар. Олимпиадалық резервтің №9 спорт мектебіне де барды. Балаларға арналған секциялар мен үйірмелерді қаржыландыру мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, әлем чемпиондары – гимнасттар Милад Карими мен Нариман Құрбановпен жылы кездесу өтті. Сапар соңында «Алматыгенплан» мекемесінде қала дамуының алдағы жоспарлары таныстырылды: жаңа аудандар, жолдар мен тұрғын үй кешендерінің қайда салынатыны айтылды.