Құрылыс қалдықтары және ҚТҚ бөлек жинау: депутаттардың бақылауындағы мәселелер
Астана қаласының мәслихатында Владислав Сергеевтің төрағалығымен Депутат күні өтті. Талқылаудың негізгі тақырыптары құрылыс қалдықтарын кәдеге жаратуды бақылауды күшейту және қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) бөлек жинау тиімділігін арттыру болды.
Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов негізгі баяндама жасады. Сөз барысында ол «Солтүстік тізбек» полигонындағы құрылыс қалдықтары көлемінің өскенін атап өтті. Полигонда процестерді цифрландыру жүргізіледі, оның ішінде GPS пайдалана отырып, мамандандырылған техниканың қозғалысын бақылау жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта қалада ҚТҚ жинау мен шығаруды үш жеке компания жүзеге асырады. Қалдықтардың жекелеген түрлері бойынша бөлек жинау ұйымдастырылған. Атап айтқанда, құрамында сынап бар шамдар бөлек жиналады. Қалада ҚТҚ бөлек жинауға арналған 44 контейнер орнатылды, оларға қызмет көрсету үшін арнайы қоқыс таситын көлік бөлінді.
Сонымен қатар, Астанада тоқыма, пластик және алюминий банкаларды қоса алғанда, қайталама шикізаттың жекелеген түрлерін қабылдау пункттері жұмыс істейді.
Қалдықтарды шығаруды жүзеге асыратын кәсіпорындардың және «Солтүстік тізбек» полигонының қызметін цифрландыру туралы компания басшысы Айжан Құрманова баяндады. Оның айтуынша, цифрландыру инфрақұрылым мен мамандандырылған техниканың жұмысын есепке алудан бастап полигонның қызметіне дейінгі процестердің кең спектрін қамтиды. Цифрлық жүйелерді Мемлекеттік органдардың дерекқорларымен және 2ГИС сервисімен интеграциялау жүргізіледі. Оның ішінде азаматтардың жеңілдетілген санаттарын анықтау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректерін пайдалану мүмкіндігі көзделген.
Сондай-ақ, «Солтүстік тізбек» полигонының қызметі цифрландырылды. Алдағы уақытта процестерді бақылау мен басқарудың тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланды.
Талқылау барысында депутаттар қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыруға қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Депутаттардың пікірінше, қалада ҚТҚ-ны толыққанды бөлек жинау мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр. Қазіргі уақытта негізінен пластик, қағаз және металл бөлек жиналады. Осыған байланысты пластик пен қағазды жинаудың бірыңғай форматын енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Депутаттар рұқсат етілмеген полигондар мәселесіне ерекше назар аударды. Оларды таратуға қаланың әр ауданында айтарлықтай бюджет қаражаты жұмсалады. Қатысушылардың пікірінше, анағұрлым қатаң және жүйелі шаралар қажет, өйткені бұл қаражат басқа да маңызды қалалық жобаларға бағытталуы мүмкін.
Мәселені шешу құралдарының бірі ретінде цифрландыру атап өтілді. Депутаттар қалдықтарды заңсыз орналастыру фактілерін уақтылы анықтауға, жауапты тұлғаларды белгілеуге және бұзушылықтарды одан әрі жоюды бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық бақылаудың нақты алгоритмін әзірлеуді ұсынды.
Сондай-ақ, кездесу барысында қалдықтармен жұмыс істеу қызметтері үшін төлемдерді жинау мәселелері қозғалды. Депутаттар жиналу пайызы және осы көрсеткіштің соңғы уақыттағы өзгерістері туралы өзекті деректерді сұрады.
Отырыс қорытындысы бойынша тұрақты комиссияның төрағасы қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қызметке егжей-тегжейлі талдау дайындау және қалдықтарды жинау, әкету, сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату жүйесінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар беру туралы тапсырма берді.