Елорда мәслихатының депутаттары «№1 автобус паркі» АҚ базасында көшпелі кеңес өткізді
Депутаттар кәсіпорынның жұмысымен және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру барысымен танысып, оның одан әрі дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Бүгінде автобус паркінде 1 390 автобус бар. Оның 835-і күн сайын желіге шығады, қалғаны резервте тұр.
Кәсіпорын 78 бағытқа қызмет көрсетеді, оның 77-сі субсидияланады. Оның ішінде 45 қалалық, 26 қала маңындағы және 7 экспресс бағыт бар.
Жылжымалы құрамды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Соңғы жылдары парк газ отынымен жүретін 300 жаңа автобуспен толықты.
Газ құю инфрақұрылымын дамытуға да ерекше назар аударылды. Автобустар санының артуына байланысты қолданыстағы станцияларға түсетін жүктеме де өсіп отыр. Әсіресе, қарбалас уақытта кезек пайда болады. Көлікті желіге үздіксіз шығару үшін газ құю инфрақұрылымын кеңейтіп, оның өткізу қабілетін арттыру қажет.
Көшпелі кеңес барысында депутаттар жолаушылар тасымалының сапасына тікелей әсер ететін негізгі мәселелерді қарады. Атап айтқанда, автобус паркін жаңарту, маршруттық желінің тиімділігі, қала маңындағы қатынастың қолжетімділігі, инфрақұрылымды дамыту және жүргізушілердің еңбек жағдайлары талқыланды.