Астанада қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті
Астанада Табиғат Зейнұлқабденнің төрағалығымен мәслихаттың 58-ші сессиясы өтті.
Сессияның жұмысына Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов, елорда аудандарының әкімдері, мемлекеттік органдар мен ведомствоға бағынышты ұйымдардың басшылары, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия барысында депутаттар елорданы әрі қарай дамытуға, қала инфрақұрылымын жетілдіруге және қалалық ортаның сапасын арттыруға бағытталған бірқатар өзекті мәселелерді қарады.
Алғашқылардың бірі болып әлеуметтік маңызы бар маршруттар тізбесіне жеті қосымша автобус маршрутын қосу туралы мәселе қаралды. Осыған байланысты көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы баяндама жасады. Ұсынылып отырған маршруттар қала тұрғындарының қажеттіліктерін ескере отырып құрылды.
Күн тәртібі шеңберінде депутаттар тұрғылықты жері және уақытша мекендеу орны бойынша тіркеу нормаларын белгілеу, «Өндіріс» тұрғын алабын газдандырудың үшінші кезегін аяқтау, қала әкімдігінің жанындағы кейбір комиссиялардың құрамына өзгеріс енгізу мәселелерін қарап шықты.
Экологиялық саясат мәселелеріне жеке көңіл бөлінді. Депутаттар «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау бойынша 2026-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту мәселелерін қарады.
Мәслихат төрағасы аудан әкімдеріне жұмыс тәртібімен отырыс барысында тұрғындардың Facebook әлеуметтік желісі арқылы келіп түскен өтініштерін қарауды және оларға жауап беруді ұсынды.
Талқылау қорытындылары бойынша депутаттар күн тәртібінің барлық мәселелері бойынша тиісті шешімдерді қабылдады.