2025 жылғы қала бюджетінің атқарылуы туралы есепті талқылау жөніндегі қорытынды бірлескен отырыс
Қалалық мәслихатта Табиғат Зейнұлқабденнің төрағалығымен Астана қаласы бюджетінің атқарылуы туралы 2025 жылғы есепті талқылау жөніндегі тұрақты комиссиялардың қорытынды бірлескен отырысы өтті.
Отырыс барысында бюджеттің атқарылуының негізгі көрсеткіштері, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі, сондай-ақ мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының басшылары баяндама жасап, бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерінің орындалуы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің серпіні және бюджет саясатының басым бағыттары туралы ақпарат берді.
Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының Төрағасы сыртқы мемлекеттік аудиттің және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін бағалау нәтижелерін атап, сондай-ақ қаржылық бақылауды одан әрі жетілдіру және бюджет процесінің ашықтығын арттыру жөніндегі ұсыныстарды ұсынды.
Қорытынды бірлескен отырыс барысында депутаттар бюджеттің атқарылуына және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға байланысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.
Мердігерлік ұйымдар өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, аванстық төлемдерді қайтару мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, депутаттар тұрғындардың жаңа түзету мектебін салу мерзімін жеделдету және жаңа кәріз-сорғы станциясының (КСС) айналасындағы аумақты абаттандыру жұмыстарын аяқтау туралы өтініштерін білдірді.
Бюджетті жүз пайыз игеру туралы есеп берген қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының атына көгалдандыру бойынша кепілдік міндеттемелері туралы сұрақтар айтылды: жасыл желектер өмір сүрмейтін жағдайда кепілдік қамтамасыз етіле ме және ол қандай мерзімге қолданылады. Осыған ұқсас мәселе құрылыс басқармасына жолданды - депутаттар 10 жылға дейінгі кепілдік мерзімін белгілейтін жаңа заңнамалық нормаларды ескере отырып, объектілерді пайдалану бойынша кепілдіктер қарастырылғанын сұрады.
Жұмекен Нәжімеденов пен Темірбек Жүргенов көшелерінің қиылысында спорт кешенінің құрылысын аяқтау туралы мәселе жеке көтерілді. Сонымен қатар, депутаттар осы ауданда жаңа мектеп салудың шұғыл қажеттілігін атап өтті, өйткені №113 мектеп қазірдің өзінде үш ауысымды оқытуға көшуде.
Бұл ретте, депутаттар бюджетті жүз пайыз игеру оң көрсеткіш болып табылатынын, алайда, іс жүзінде бірқатар жобалар аяқталмай қалатынын, соның салдарынан халықтан шағымдар түсе беретінін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жобаларды іске асыру сапасы мен мерзімдерін бақылауды күшейту, мердігерлердің кепілдік міндеттемелерін сақтауды қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар объектілерді аяқтау жөніндегі жұмысты жандандыру және бюджеттік жоспарлау ашықтығын арттыру бойынша ұсыныстар әзірледі.