Елорда шет аймақтарының мәселелері көшпелі кездесуде талқыланды
Елорда мәслихатының депутаттары алдағы сессияға дайындық аясында тұрғын алаптарда көшпелі кездесулерді бастады. Алдағы сессия елорда шет аймақтарын абаттандыру, олардың қазіргі жағдайы және қордаланған мәселелерді шешу тақырыптарына арналмақ.
Депутаттар әкімдік басқармаларының өкілдерімен бірге «Железнодорожный» тұрғын алабында болды. Оқиға орнында инфрақұрылымның жағдайымен танысып, ең өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар «Қазбек» қосалқы станциясының құрылысы барысымен танысты. Бұл нысан бірнеше жылдан бері салынып келеді, қазіргі уақытта бұрынғы мердігермен сот процестері жүргізілуде.
Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуы мәселелері қаралды. Тұрғын алаптағы жұмыстар төрт кезеңге жоспарланған, алайда қазіргі уақытта тек бірінші кезеңі ғана іске асырылуда. Сонымен қатар жобадан тыс қалған тағы 5–6 көше бар.
Көшпелі кездесу барысында депутаттар дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне де барды. Онда нысанның инфрақұрылымымен танысып, ғимараттың жағдайын және спортпен шұғылдануға жасалған мүмкіндіктерді қарады.