Мәслихатта заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс мәселелері бойынша тұрақты комиссияның отырысы өтті
Астана қаласының мәслихатында Азамат Айтхожиннің төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс мәселелері бойынша тұрақты комиссияның отырысы өтті. Отырыста мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер учаскелерін алу туралы келісім жобаларын мақұлдау мәселесі қаралды.
Комиссия қарауына заңнамада белгіленген тәртіппен алынуға тиіс жер учаскелерін алу туралы келісім жобалары енгізілді.
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов жер учаскелерін алу заңдық негіздері, олардың пайдалану мақсаты, сондай-ақ жер және азаматтық заңнамаларда көзделген рәсімдердің сақталуы туралы баяндама жасады. Ол жер учаскелерін алу инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыру аясында жүргізілетінін атап өтті. Бұл жобалар қаланың транспорттық, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған, атап айтқанда: Қорғалжын шоссесі ауданында жылу магистральдық желілерін салу, Теннис орталығы, А. Тоқпанов көшесі маңындағы мектеп, әкімшілік ғимарат, сондай-ақ Ш. Айтматов көшесінен батысқа қарай орналасқан көшелер көзделген.
Депутаттар жер учаскелері иелерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына ерекше назар аударды. Олар ұсынылған келісім жобалары бойынша, соның ішінде жер учаскелерінің бағасындағы айырмашылықтың негізділігіне қатысты нақтылау сұрақтарын қойды.
Профильдік комиссияның отырысы барысында жер учаскелері иелерімен онлайн режимінде кездесу өтті.
Тұрақты комиссияның талқылауы нәтижесінде жер учаскелерін алу туралы келісім жобаларын мақұлдау мәселесі мәслихаттың кезексіз сессиясында қаралатыны және осы бойынша тиісті шешім қабылданатыны туралы шешім қабылданды.