Медициналық қызмет көрсету мәселесі бойынша мәслихаттың отырысы
Астана қаласы мәслихатында «Қала тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің жай-күйі және оны дамытудың перспективалары туралы» мәселе қаралған отырыс өтті.
Негізгі баяндаманы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Төлеуова жасады. Өз сөзінде ол елорданың денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жағдайы, кадрлық қамтамасыз етілуі, медициналық көмектің қолжетімділік деңгейі, инфрақұрылымның дамуы, процестерді цифрландыру және саланы одан әрі дамытудағы негізгі бағыттар туралы толық мәлімет берді.
Басқарма басшысының айтуынша, соңғы жылдары қала халқы санының өсуіне байланысты емханалар мен стационарлық мекемелерге түсетін жүктеме айтарлықтай артуда. Бұл жағдай медициналық ұйымдардың қуаттылығын кезең-кезеңімен ұлғайтуды, жаңа нысандар салуды және қолданыстағы мекемелерді жаңғыртуды талап етеді. Сонымен қатар, медицина кадрларының біліктілігін арттыру, жас мамандарды тарту және кейбір мамандықтар бойынша дәрігер тапшылығын азайту жұмыстары жалғасып жатыр.
Басым бағыттардың қатарында қалада қарқынды құрылыс жүріп жатқан аудандарда жаңа поликлиникалар салу, қолданыстағы медициналық ұйымдарды кеңейту және материалдық-техникалық базаны жаңарту аталды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау нысандарын жоспарлауда демографиялық болжамдар мен тұрғын үй құрылысының қарқынын ескере отырып, кешенді тәсіл қолдану қажеттігі ерекше атап өтілді.
Талқылау барысында депутаттар Жол картасын әзірлеуге назар аударып, оған орындалуы мүмкін емес тармақтарды қоспауға ұсыныс жасады. Бұған дейін Жол картасында орындалмай қалған іс-шаралардың едәуір бөлігі денсаулық сақтау саласына қатысты болған. Осыған байланысты жоспарлау кезінде бюджет мүмкіндіктерін нақты ескеру, жобаларды кезең-кезеңімен және айқын мерзімдермен жүзеге асыру қажеттігі баса айтылды.
Сондай-ақ депутаттар халықты емханаларға тіркеу мәселесінің өзектілігін атап өтті. Қазіргі уақытта бұл процесс біркелкі жүргізілмей отыр. Әсіресе қаланың сол жағалауында орналасқан екі жекеменшік емхананың айтарлықтай жүктемесі алаңдаушылық тудырады. Бұл медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына тікелей әсер етіп, қабылдауға жазылу мерзімін ұзартады. Сондықтан тіркелген халықты медициналық ұйымдардың қуаттылығын, тұрғын үй құрылысының қарқынын және алғашқы медициналық-санитариялық көмек мекемелеріне түсетін нақты жүктемені ескере отырып, теңгерімді бөлуге бағытталған жүйелі шешімдер қажет.
Талқылау қорытындысында медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және кадрлық саясатты жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленді.