Астана мәслихатында көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы 2026-2028 жылдарға арналған жобалар талқыланды
Астана қаласының мәслихатында Табиғат Зейнұлқабденнің төрағалығымен депутаттардың, көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының, сондай-ақ бейінді басқармалар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен отырыс өтті. Күн тәртібіндегі сұрақ: 2026-2028 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламаларға енгізуге ұсынылатын жобаларды қарау.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшиннің баяндамасында 2026 жылға арналған 46 нысан құрылысын қаржыландыру жоспарына басты назар аударылды, оның ішінде аяқтау (12), жалғастыру (16), тұрғын алаптарында жолдар мен инженерлік желілерді салу, қайта құру (7), жаңа құрылыс (11). Сондай-ақ, басқарма басшысы Байқоңыр ауданында тоннельдер, арнайы трассалар, айыппұл тұрақтары (бүгінде қалада бірде-бір заңды айыппұл тұрағы жоқ), әлеуметтік нысандарға кірме жолдар салу, Ш.Бейсекова мен Н.Тілендиев даңғылының қиылысында екі деңгейдегі жол айырығы, тұрғын алаптарда көшелер мен инженерлік желілер салу құрылысын қаржыландыру қажеттілігін нақтылады.
Мұқият назар аударуды қажет ететін мәселелердің ішінде қоғамдық көліктің бағыттық желісін дамыту, соның ішінде автобус жолақтарын, аялдама павильондарын, көлік тораптарын салу; бағдаршам нысандарын жаңғырту, тұрақты қалалық ұтқырлықтың элементі ретінде жаяу және велосипед жолдарын салу; қауіпті учаскелерді жарықтандыруды, таңбалауды және жабдықты қоса алғанда, жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру болды.
Депутат Бауыржан Смаилов Абайдың 150 жылдығы көшесі мен екі деңгейлі жол айырығының аяқталмаған құрылысына наразылығын білдірді. Бұл жобалар бірнеше жыл ішінде іске асырылмай келеді. Депутаттың пікірі бойынша, біріншіден, жаңа жобаларды бастамай, ұзақ мерзімді жобаларға айналған басталып-аяқталмаған жобалармен айналысу керек.
Депутат Сауле Самидин Бұқар жырау көшесіндегі жұмыстардың аяқталғаны үшін алғыс білдірді. Депутаттарға ұсынылған кестеге сәйкес, Жошыхан және Бөкейхан көшелерінің құрылысына қаражат бөлінбеді. Ол әріптесін қолдап, алдымен ескі жобаларды аяқтау, содан кейін ғана жаңа жобаларды бастау керек екенін айтты.
Депутат Владислав Сергеев Amanat партиясының Жол картасының тармақтарын орындау, осыған байланысты тұрғын алаптардағы жобаларды аяқтау бойынша мәселелерді шешу қажеттілігін еске салды. Ол егжей-тегжейлерді түсіну үшін осы сұрақ бойынша бөлек жиналуды ұсынды. Сондай-ақ Сергеев соңғы екі жылда депутаттардың қолдауымен 700-ге жуық автобус сатып алынғанын, оның пікірінше, әзірше жаңа автобустарды сатып алу қажет емес екенін атап өтті.
Депутат Кендебай Адамбек басқарма бірінші кезектегі қажеттіліктерге қосымша қаржыландыруды қажет ететінін атап өтті. Осыған байланысты аяқталуы 2026 жылдан асатын жобаларға қаражат бөлуді жеке қарастыру қажет, бұл 11 жаңа нысан.
Мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден отырысты қорытындылай келе, депутаттар жобалардың басымдылығына қатысты бейінді комиссиялардың шоғырландырылған пікіріне келуге тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ талқылау барысында Тексеру комиссиясының өкілдері өз ұсыныстарын енгізуі тиіс.
Аталған сұрақтар блогы мәслихат сессиясының қарауына шығарылатын 2026-2028 жылдарға арналған қаланы дамыту бюджетінің жалпы жобасының бір бөлігі болады.