Бюджетті нақтылау мәселесі бойынша кезектен тыс сессия
18.09.2025
Астана қаласының мәслихатында «Астана қаласының 2025–2027 жылдарға арналған бюджеті туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе бойынша кезектен тыс сессия өтті.
Мәслихат сессиясының жұмысына Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов, қала аудандарының әкімдері, мемлекеттік құрылымдардың басшылары, қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.
Нақтыланған бюджет жобасын Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева таныстырды. Жоба тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында алдын ала қаралды. Депутаттар қалалық басқармалар – бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған бюджеттік өтінімдерді жан-жақты талдады. Бірлескен отырыс барысында олар сұрақтар қойып, бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалану бойынша ұсыныстар енгізді.
Бюджет республикалық бюджеттен түсетін түсімдер мен әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы бар бірінші кезектегі міндеттерді қаржыландыру қажеттілігі ескеріле отырып нақтыланды. Олардың қатарында: әлеуметтік нысандардың құрылысын және күрделі жөндеу жұмыстарын қосымша қаржыландыру, білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын қолдау, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру, цифрландыру, экология және елордалық азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын қамтамасыз ету бар.
Депутаттар бөлінген қаражаттың тиімді игерілуіне, бағдарламалардың іске асырылуындағы ашықтыққа және бюджет қаражатының нәтижелілігіне ерекше назар аударды.
Кезектен тыс сессия барысында талқылау қорытындысы бойынша депутаттар ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, нақтыланған бюджетті бекіту туралы шешім қабылдады.