Қала қысқы маусымға дайындалуда
27.08.2025
Астана қаласының Қоғамдық кеңесі жылу энергетикалық кешендердің, су құбыры және кәріз желілерінің қысқы жағдайдағы жұмысқа дайындығына мониторинг жүргізді. Кеңес мүшелері ТЭЦ-1, ТЭЦ-2, ТЭЦ-3 нысандарын, сондай-ақ сорғы-сүзгі станциясын аралап, коммуналдық қызметтердің алдағы жылыту маусымына дайындығымен танысты.
Мониторинг нәтижелері аудандық әкімдіктердің, басқармалардың және ведомстволық мекемелердің өкілдері шақырылған Қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды. Жылыту маусымының қарсаңында коммуналдық қызметтер тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарды қысқа дайындау бойынша жоспарлы іс-шараларды аяқтауда. Жылумен қамту жүйелері тексерілуде, жылу желілері мен қазандықтарда, инженерлік желілерде, жабдықтарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі таңда энергия көздерінің жалпы дайындығы – 81,8%, жылу желілерінің дайындығы – 87,7%, электр желілерінің дайындығы – 74%-ды құрайды.
Әлеуметтік нысандарға ерекше көңіл бөлінуде – мектептердің дайындығы – 96%, балабақшалар мен денсаулық сақтау нысандары – 94%, мәдениет мекемелері – 93% дайын.
3488 көппәтерлі тұрғын үйдің 3012-сі немесе 86%-ы қосылған, оның ішінде: «Алматы» ауданы – 92%, «Байқоңыр» ауданы – 98%, «Есіл» ауданы – 80%, «Нұра» ауданы – 81%, «Сарайшық» ауданы – 97%, «Сарыарқа» ауданы – 81%.
Су құбыры және кәріз жүйелерінің дайындығы 90%-ды құрайды. Жылыту маусымына дайындық аясында (инвестициялық бағдарлама шеңберінде) қайта жаңарту, күрделі және ағымдағы жөндеу есебінен 12,6 шақырым желіде жұмыс жүргізілді, бұл – 90%.
Қазіргі таңда 14 мың абонент немесе шамамен 216 мың адам газбен қамтылған. 11,5 мыңнан астам абонент газға қосылған.
Қалалық қызметтер Қоғамдық кеңес мүшелеріне барлық жұмыстардың кесте бойынша жүріп жатқанын және жылыту маусымының уақытылы басталатынын жеткізді.
Сондай-ақ, Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Білім басқармасы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының 2024 жылы жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар туралы есептері назарға алынды. Аталған мәселені алдағы кеңес отырысында осы жобаларды жүзеге асырып жатқан ұйымдардың қатысуымен қарау ұсынылды.