Мәселе бойынша кезектен тыс сессия
12.06.2025
Қалалық мәслихатта Табиғат Зейнұлқабденнің төрағалығымен мәслихаттың сегізінші сайланымының кезектен тыс 38-сессиясы өтті.
Сессияда негізгі мәселе бойынша алғашқы болып қалалық қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында өткен жыл қорытындысы бойынша қаланың меншікті кірістерінің жалпы көлемі артқанын атап өтті. Кіріс бөлігінің артығымен орындалуына негізінен корпоративтік табыс салығы (КТС), жеке табыс салығы (ЖТС) және әлеуметтік салық есебінен қол жеткізілген. 2024 жылғы бюджеттік шығыстардың орындалуы 99,1 %-ды құраған. Басқарма басшысының айтуынша, игерілмеген қаражаттың үлесі жалпы соманың 0,9 пайызын ғана құраған. Ең көп игерілмеген бюджет қаражаты тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасында, сондай-ақ құрылыс, цифрландыру және мемлекеттік қызметтер, мәдениет, әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау салаларында тіркелген.
Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаевтың айтуынша, алдын ала деректерге сәйкес, 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елордадағы жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылғы деңгеймен салыстырғанда 106,8%-ды құрады. Республика бойынша елорданың үлесі 10,8%-ды құрап, Алматы қаласы мен Атырау облысынан кейінгі үшінші орынды сақтап қалды. Қала бюджетінің кіріс және шығыс бөліктері бойынша негізгі көрсеткіштері жалпы алғанда орындалған. Ақпомбаевтың атап өтуінше, жүргізілген аудит қорытындысы бойынша, елорда бюджетінің жалпы шығыстары құрылымында ағымдағы шығындар үлесінің өскені, ал даму бюджеттік бағдарламаларының үлесінің төмендегені анықталған. Қаржы басқармасының мәліметінше, бюджет шығыстары 99,1%-ға орындалған. Аудит қорытындылары тұрақты комиссиялар мен мәслихат отырыстарында жан-жақты қаралды.
Экономика басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева елорданың 2024 жылға арналған даму жоспарының орындалуы туралы баяндама жасады. Аталған жоспар 4 негізгі бағыттан және 38 көрсеткіштен тұрады, оның ішінде 24 көрсеткіш орындалған, ал 14 көрсеткішке қол жеткізілмеген. Астана қаласының жалпы өңірлік өнімінің көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы артқан. Қаланың ел ЖІӨ-дегі үлесі 11,5%-ды құрады.
Бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Кендебай Адамбек Астана қаласы бюджетінің 2024 жылғы атқарылуы туралы есепті қарау қорытындысы бойынша қорытындымен сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында елорда бюджетіне салыққа жатпайтын түсімдердің өсуінде оң серпін байқалатынын атап өтті. 2024 жылы бұл түсімдер 2023 жылмен салыстырғанда 3,3 есеге артқан. Алайда салықтық берешек те айтарлықтай өсіп, оның көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 4,0%-ға көбейген. Бұл жағдай бюджетке түсетін кірістерді арттыру бойынша салық органдарының жұмысын күшейту қажеттігін көрсетеді. Жергілікті бюджетке түсімдердің орындалуын бағалау барысында салықтық және салықтық емес түсімдерді сапасыз әрі тиімсіз жоспарлау салдарынан бюджетке бірнеше рет нақтылау мен түзетулер енгізу қажеттілігі туындайтыны айтылды. Сөз соңында тұрақты комиссияның төрағасы бюджет атқарылуы саласындағы мәселелер әлі де шешімін таппағанын және олар жыл сайын қайталанып отыратынын ерекше атап өтті. Осыған байланысты бірқатар ұсыныстар енгізілді: бюджет қаражатын бөлудің орындылығын қамтамасыз етіп, тиімділігі төмен жобаларды болдырмау; аяқталмаған БИП (бюджеттік инвестициялық жобалар) бойынша есепті ұйымдастыру жұмыстарын күшейту және нысандарды коммуналдық меншікке қабылдайтын пайдалану ұйымдарына уақтылы өткізу үдерісін жеделдету шараларын қабылдау; сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған шараларды күшейту және басқа да ұсыныстар.
Айжан Түгелбаева «Астана қаласының 2025–2027 жылдарға арналған бюджеті туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі бойынша сөз сөйледі. Экономика басқармасының басшысы атап өткендей, алдын ала талқылау барысында әлеуметтік салаға, білім беру, спорт, денсаулық сақтау, сондай-ақ басым инфрақұрылымдық нысандарға жұмсалатын шығыстар қайта қаралды. Атап айтқанда: Тілендиев/Бейсекова көшелеріндегі жолайырық, мектептерге жапсарлас салынатын құрылыстар, Мұхамедханов көшесіндегі жаңа Оқушылар сарайы, «Кирпичный» және «Күйгенжар» елді мекендеріндегі су бұру жүйесі, «Арай» қосалқы станциясын аяқтау, жаңа РП ТП жобаларын іске асыру, сондай-ақ қызмет көрсету мен абаттандыру жұмыстары қарастырылды.
Депутат Талғат Ерғалиев Астана қаласы бойынша көрсеткіштердің жақсарғанын атап өтіп, бұл жағдай қуантатынын жеткізді. Ол, сөзсіз, бұл – жергілікті атқарушы органдар мен депутаттық корпустың ортақ еңбегінің нәтижесі екенін айтты. Сонымен қатар, ол заңнама талаптарына сәйкес, қаражат қарастырылмаған жағдайда шарт жасасуға жол берілмейтінін еске салды. Құрылысшылар одағының төрағасы ретінде оған жиі шағым түсетінін жеткізген депутат, құрылысқа қаржы тым кеш бөлінетінін, осының салдарынан жобалардың орындалу мерзімі бұзылып жатқанын атап өтті.
Депутат Азамат Айтхожин қала әкімі тұрғындармен кездесуде олардың өтініштерін орындауға уәде бергенін және бұл мақсатқа қаражат бөлінгенін еске салды. Ол мемлекеттік органдардың басшыларына азаматтардың барлық өтініштерін белгіленген мерзімде орындауды тіледі.
«Астана қаласындағы атаусыз көшеге атау беру туралы» мәселе бойынша тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп баяндама жасады. Ол депутаттарға елордадағы бір көшеге армян ғалымы, лингвист, армян әліпбиінің авторы, армян әдебиеті мен жазба мәдениетінің негізін қалаушы Месроп Маштоцтың есімін беру туралы ұсыныс енгізіліп отырғанын хабарлады. Атаусыз көшенің ұзындығы 750 метр, ол «Астана-Арена» стадионы мен «Сарыарқа» велотрегі арасында орналасқан. Сонымен қатар, Сәкен Есіркеп биыл Ереван қаласы Ақсақалдар кеңесі Аван ауданындағы (Алматы көшесінің бойында орналасқан) бір саябаққа Абай Құнанбайұлының есімін беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
Депутат Бауыржан Смаилов бұл ұсынысты қолдап, болашақта елордамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан жерлестеріміздің есімдерін көше атауларына беру жөніндегі ұсыныстарды да ескеруді сұрайтындарын атап өтті.
Әділет Төлеутаев «Астана қаласы әкімдігі жанындағы Терроризмге қарсы комиссияның құрамы туралы» мәселе бойынша кадрлық өзгерістерге байланысты баяндама жасады.