Астана қаласының 2024 жылға арналған бюджетінің атқарылуы туралы есеп
03.06.2025
Қалалық мәслихатта тұрақты комиссиялардың екі бірлескен отырысы барысында 2024 жылға арналған Астана қаласы бюджетінің атқарылуы жөніндегі есеп талқыланды.
Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев депутаттарға жоспардың 105,5%-ға орындалғанын хабарлады. Кіріс бөлігінің артық орындалуы негізінен корпоративтік табыс салығы (КТС), жеке табыс салығы (ЖТС) және әлеуметтік салық есебінен қамтамасыз етілген. Жалпы шығыстар сомасындағы игерілмеген қаражаттың үлесі 0,9%-ды құрады.
Тексеру комиссияның төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев 2024 жылдың 9 айындағы алдын ала деректер бойынша елордадағы жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) көлемінің 2023 жыл деңгейіне қатысты 106,8%-ға жеткенін атап өтті. Республика көлеміндегі елорда үлесі 10,8%-ды құрап, Алматы қаласы мен Атырау облысынан кейін республикада үшінші орында қалды. Қаланың бюджеттік негізгі көрсеткіштері — кірістер мен шығыстардың жалпы көлемі толық орындалған. Қаржы басқармасының мәліметі бойынша, бюджет шығыстары 99,1% деңгейінде атқарылған. Елорданың бюджет шығыстарының жалпы көлемінде ағымдағы шығыстардың үлесі артқан, ал бюджеттік даму бағдарламаларына бөлінген үлесі қысқарғаны байқалады.
Айжан Түгелбаева — экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы депутаттарға 2024 жылғы Астана қаласының даму жоспарының орындалуы туралы баяндады. Жоспар 4 негізгі бағыт пен 38 индикатордан тұрады. Бірінші бағыт шеңберінде – «Қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті қала» және ол 5 мақсатты индикаторды қамтиды. Екінші бағыт – «Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының өсуі», мұнда 14 индикатор белгіленген. Үшінші бағыт – экономика өсімі, бизнесті дамыту және инвестицияларды тарту үшін қолайлы орта қалыптастыру. Бұл бағытта 5 негізгі индикатор бар. Түгелбаева атап өткендей, Жоғарғы аудиторлық палата 2024 жылға арналған Астана қаласының даму жоспары мақсаттарының орындалуын 97% деңгейінде бағалады.
Есеп жобасын талқылау барысында депутаттар басқарма басшыларына көптеген сұрақтар қойды. Соның ішінде депутаттарды жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) қарыздары туралы мәселе қызықтырды. Қазіргі уақытта қандай пайызбен қарыздар өтеледі, қарыздарды қайтару жоспары қалай құрылып жатыр, әрі келесі жылдарға бюджетке түсетін жүктемені талдау жасалған ба деген сұрақтар көтерілді.
Депутаттар қарыздарды қайтару жұмысы — баршаға ортақ міндет екенін мойындайды.
Депутаттардың пікірінше, барлық жобаларды егжей-тегжейлі зерттеп шығып, қандай жобалар қаржыландырылатыны, қайсысына қаржы бөлінбейтіні туралы нақты шешім қабылдау қажет.
2024 жылғы Астана қаласы бюджетінің атқарылуы туралы есеп жобасын екі рет талқылау нәтижесінде бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері бойынша тұрақты комиссияның қорытындысы дайындалады. Бұл қорытынды мәслихат сессиясында қаралып, талқыланатын болады.