Бүгін елорда мәслихатының отырысында мемлекеттік органдардың қатысуымен 2000 жылға дейін салынған мектептерді жаңарту мәселесі талқыланды
12.02.2025
Елордалық мәслихаттың төрағасы «Байқоңыр» ауданында орналасқан №23 орта мектептің қосымша ғимаратын ағымдағы жөндеу, техникалық сараптама жүргізу және жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау мәселесін қайта көтерді. Негізгі мақсат – 1 қыркүйекке дейін барлық жөндеу жұмыстарын аяқтап, оқушыларды жаңартылған ғимаратта қарсы алу. Бүгін елорда мәслихатының отырысында мемлекеттік органдардың қатысуымен 2000 жылға дейін салынған мектептерді жаңарту мәселесі талқыланды. Қазіргі таңда қаладағы 195 мектептің 32-сі осы санатқа жатады.
Оң жағалауда орналасқан білім беру мекемелерін аралау нәтижесінде 26 мектепке күрделі жөндеу, ал 6 мектепке қайта жаңғырту жұмыстары қажет екені анықталды. Бұл жұмыстар 2025–2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, 2000 жылға дейін салынған 16 балабақшаның 15-іне күрделі жөндеу, 1-іне реконструкция қажет. Бұл нысандарды жаңарту жұмыстары 2027 жылға дейін жалғасады. Алдағы жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарының барысын бақылау міндеті елорда мәслихаты депутаттарына да жүктеледі.